Ұлттық банк азық-түлік бағасы неге өсіп жатқанын түсіндірді

31 Мамыр 2024, 13:33
523
Бөлісу:
Ұлттық банк азық-түлік бағасы неге өсіп жатқанын түсіндірді
Фото: BAQ.KZ -архив

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жыл басынан бері азық-түлік бағасы қанша пайызға өскенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәуірде бағаның жылдық өсуі - 8,7%. Азық-түлік инфляциясы айтарлықтай төмендеп, 6,3% болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі баяулап, 7,6% болды. Ал ақылы қызметтер инфляциясы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің көтерілуінен жылдық мәнде 13,5%-ке дейін жеделдеді. Сәуірде айлық инфляция 0,6% болды. Бұл орташа жылдық динамикаға сәйкес келеді. Азық-түлік тауарлары бағасының төмен өсуінен базалық және маусымдық факторлар қамтылмаған инфляцияның көрсеткіштері қатарынан екі ай бойы төмендеді, – деді Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ұлттық банк басшының айтуынша, бұл үрдісті әрі қарай ұстап тұру маңызды.

Сәуірде инфляциялық күтулер өсті. Алдағы бір жылда күтілетін инфляция 16,1% болды. Респонденттердің пікірі бойынша, бағалардың өсуін күтудің негізгі себептері – су тасқынының салдарынан азық-түлік бағасының өзгеруі және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы реформа, – деді Тимур Сүлейменов.

Өзгелердің жаңалығы