Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жылдық инфляция маусымда 11,8% болды. Барлық компонент бойынша бағада өсім байқалады. Қызмет секторы (16,1%) бұрынғыша баға өсіміне себеп болып отыр. Азық-түлік инфляциясы (10,6%) да айтарлықтай үлес қосты.
Инфляцияның айлық динамикасы 0,8%-ға дейін баяулады. Базалық инфляция – 0,9%, маусымдық факторларды ескермегендегі инфляция – 1,0%. Бұл – тарифтік реформалар, фискалдық ынталандыру және жеке кредиттеудің жоғары өсуі жағдайында инфляциялық қысым сақталып отырғанын көрсетеді.
Алдағы 12 айға халықтың инфляциялық күтулері төмендеді, бірақ жоғары күйінде қалуда. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың күтілімі – 10,7–11%.
Негізгі сауда серіктесі Ресейде инфляция баяулаған. Азық-түліктің (дәнді дақылдарды есепке алмағанда) әлемдік бағасы жоғары. Дамыған елдерде инфляция төмендегенмен, орталық банктер сақ болуға көшкен. Ресей Банкі маусымда мөлшерлемені 20%-ға дейін көтеріп, қатаң саясатты жалғастыратынын мәлімдеді.
Сыртқы секторда қаржы және шикізат нарықтарында құбылмалылық жоғары. Мұнай бағасы оптимистік сценарийге жақын деңгейде қалыптасып отыр.
2025 жылғы қаңтар–мамырда экономика 6%-ға өсті. Көлік (23,1%), құрылыс (15,4%), сауда (7,8%), тау-кен (7,8%) және өңдеу өнеркәсібінде (6%) өсім байқалады.
Ішкі сұраныс жоғары. Тұтынушылық кредиттеу мамырда 32,4%-ға жетті. Сұранысты қолдайтын факторлар сақталып отыр. Жеке және бюджет есебінен инвестициялық белсенділік те артып келеді (18,2%).
Проинфляциялық тәуекелдер фискалдық ынталандыру, белсенді кредиттеу, жоғары инфляциялық күтулер және тарифтік-салық реформалармен байланысты. Сыртқы тәуекелдер – әлемдік сауда мен геосаяси шиеленістер.
Базалық мөлшерлеменің дезинфляциялық әсері алтын-валюта операциялары, минималды резервтік талаптарды қайта қарау және макропруденциялық шектеулер арқылы күшейеді. Коммуналдық тарифтерді қайта қарау қосымша әсер етеді.
Үкіметпен үйлестіру шаралары – инфляциялық қысымды төмендетудің негізгі тетігі. Бұл – фискалдық шоғырландыру мен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты Ұлттық Банктің қосымша шараларымен бірге инфляцияны тежейді. Жеке кредиттеу нарығын «салқындату» шараларының әсері біртіндеп күшейеді.
Қалыптасқан инфляциялық факторлар базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақтау ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда мөлшерлемені көтеру де мүмкін.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім болжамды раунд нәтижесіне сүйене отырып қабылданады.