Ұлттық әскери-патриоттық орталық 2015 жылдың 1 желтоқсанында құрылған. Бұл күн Қазақстан Қарулы Күштері тарихында айрықша дата ретінде қалды. Биыл орталықтың құрылғанына 10 жыл толды. Осы орайда журналистер арнайы баспасөз туры аясында орталық жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Рухани орталыққа айналған кешен
Қазіргі таңда орталық құрамында музей-тарихи кешен, шығармашылық ұжымдар мен әскери оркестрлер, мультимедиялық студиялар және ғылыми-талдамалық бөлімдер жұмыс істейді.
Соның бірі құрамына 70 адамды жиған әскери оркестр. ҚР ҚК бас әскери дирижері, подполковник Алмас Ибрагимов әскери оркестр құрамы мен жетістіктері туралы журналистерге баяндады.
Орталық әскери оркестр Қытай, Ресей, Тайвань, Германия, Ұлыбритания секілді елдерге барып, гастрольдік сапармен өнер көрсетіп келеміз. 2007 жылы Лондонда өткен сайыста үздік атандық. Ал желтоқсан айының ортасында Катарда өтетін алғашқы халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне қатысу жоспарланып отыр, – деді ол.
Алмас Ибрагимовтің сөзінше, оркестрге мүше болатындар үшін басты талап – музыкалық білімінің болуы. Құрамға арнайы тыңдалымдардан өткен соң ғана ене алады. Және олардың репуртуарында қазақтың патриоттық әндері мен әлем классиктерінің туындылары бар.
Журналистер одан соң Қорғаныс министрлігінің ерлер хорымен танысты. Бүгінде көпшіліктің назарын өздеріне бұрған құрам келген журналистерге қазақтың әндерін орындап берді.
Келесі есікте бізді Орталық әскери оркестрдің символикалық-эстрадалық құрамы күтіп отырды. Құрам басшысы Асқар Құмарстан оркестр репертуарында тек патриоттық әндер ғана емес, басқа жанрдағы шығармалар да бар екенін айтты.
Біз тек отандық композиторлардың туындыларын ғана орындамай, өзіміздің аранжировкаларымыз бен интерпретацияларымызды да ұсынамыз. Мысалы, Хасанғалиевтің «Атамекен» шығармасын эстрадалық оркестрге лайықтап жаңаша өңдедік, – деді ол.
Әскерилердің балалары үшін бар жағдай қарастырылған
Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың тамаша дәстүр қалыптастырғаны туралы орталық басшысы Арман Әсенов айтып берді.
Біздің бес филиалымыз бар және осы филиалдардың барлығында әскери қызметшілердің балалары үшін “Жас сарбаз” шығармашылық студиялары тегін жұмыс істейді. Студия төрт бағыт бойынша оқытады: вокал, хореография, домбыра және актерлік шеберлік. Өте талантты балалар келеді, өз қабілеттерін ашып жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ орталық құрамында жоғары кәсіби ұжымнан құралған би ансамблі де бар.
Ансамбль халықаралық делегациялар көп келетіндіктен, репертуарды жиі жаңартып отырады, тіпті демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Мысалы, кешке тапсырма алып, түнде әзірленіп, таңертең дайын номерді көрсете алады, – деді Әсенов.
«Жас сарбаз» қозғалысы – елдік тәрбиенің тірегі
Орталықтың жан-жақты қолдауы нәтижесінде республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жұмысымен таныстық. Бүгінде оның қатарында 280 мыңнан астам оқушы бар екен. Ел бойынша ашылып жатқан Smart Sarbaz клубтары мен үйірмелердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл – жасөспірімдердің тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиеленуіне жол ашып отыр.
Аймақтардың да орны ерекше
Орталықтың филиалдары Алматы, Семей, Гвардейск, Сарыөзек және өзге де өңірлерде жұмыс істейді. Олар әскери қызметшілердің отбасыларын қолдап, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруда елеулі рөл атқарып келеді. Филиалдар жергілікті тұрғындар үшін концерттер, көрмелер, үйірмелер мен түрлі шаралар ұйымдастырып, патриоттық тәрбиенің әр аймақта бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз етуде.
Баспасөз туры соңында журналистер музейдегі құнды жәдігерлермен танысып, маңызды ақпараттарды жинап қайтты.