Алматы, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында және іргедегі елді мекендерде ауа райының күрт нашарлауына байланысты азаматтарды қар құрсауынан құтқару жұмыстарына Ұлттық ұлан жауынгерлері тартылды.
Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-ның сұрауы бойынша 2021 жылдың 23-24 наурызына қараған түні 5573 әскери бөлімнің 52 әскери қызметшісі апаттық-құтқару жұмыстарына және Нұр-Сұлтан-Аршалы, Нұр-Сұлтан-Қоянды тас жолындағы жедел жұмыстарға тартылды, - делінген хабарламада.
Белгі түскен сәттен бастап әскери қызметшілер 4 дана жоғары өтімділігі бар техникамен құтқару жұмыстарына кірісті.
Нәтижесінде таңғы 5.00 шамасында қар құрсауынан 30 автокөлік және 50-ге жуық адам құтқарылды. Олардың арасында егде адамдар, әйелдер және балалар бар.
Әскери қызметшілер сондай-ақ құтқарылған азаматтарды ыстық шай және бутербродтармен қамтамасыз етті.