Ұлттық ұлан генерал Мұхаметқали Сатовты еске алды

29 Маусым 2021, 19:13
1980
Бөлісу:
Ұлттық ұлан генерал Мұхаметқали Сатовты еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ұлттық ұланның дамуына елеулі еңбек сіңірген тұлға, әскердің білікті тәлімгері әрі идеологы болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов 60 жасқа толар еді. Қарулас әріптестері марқұмның туған күні қарсаңында генералдың құрметіне орай еске алу кешін ұйымдастырды.

Жиынға қатысқандар марқұмның өмірде өткен сарабдал жолы, атқарған игілікті істері туралы естеліктерімен бөлісіп, генералды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Кеш барысында Мұхаметқали Құсайынұлының өмірі мен қызметі жайлы деректі фильм көрсетілді.

Ұлттық ұлан генерал Мұхаметқали Сатовты еске алды

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі өнерпаздарының күшімен генерал Сатов туралы поэтикалық композиция, еске алу әуендері және арнайы шығарылған «Сатов генерал» әні орындалды.

Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев, Қарулы Күштердің құрметті ардагері генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы полковник Савердин Имиров, әскер ардагерлері генерал-майор Рашид Фаткуллин, полковник Ерғазы Тұрсынханов, күш құрылымдарының өкілдері, қарулас әріптестері, генералдың жұбайы Гүлмира Сатова мен қызы Гүлзира қатысты. Еске алу кеші санитарлық талаптардың толық сақталуымен өтті.

Ұлттық ұлан генерал Мұхаметқали Сатовты еске алды

Естеріңізге салсақ, генерал-майор Мұхаметқали Сатов былтыр тамыз айында коронавирустың кесірінен көз жұмған болатын. Сарабдал сардар Ішкі әскер мен бүгінгі Ұлттық ұлан қатарында 42 жыл қызмет етіп, қатардағы курсанттан Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарына дейінгі жолды абыройлы өтті.

Генерал әскердің бас идеологы ретінде көп еңбек етіп, Ұлттық ұланның қоғамда оң беделін қалыптастыруға, заңдылық пен тәртіптің сақталуына қажырлы қызмет жасады.

Өзгелердің жаңалығы