Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі психолог Нұргүл Молдабайқызымен өткізген бұл сұқбатымызда қазақ халқының жетімдік жайлы ойларын ортаға салып, жетім мен жетімдік жайлы әңгіме өрбіттік.
Психологтың айтуына қарағанда бүгінгі қоғамда тірі жетімдер саны көбейген.
Қазақ жетімін жылатпаған дегенді көп айтамыз. Иә, ол әкесі де, шешесі де жоқ тұл жетімдер жайлы. Ал маман ретінде менің алдыма келетін әрбір 100 адамның 90-ы тірі жетім. Яғни, әке-шешесі жанында, төрт құбыласы түгел. Бірақ сол ата-ананың жан жылуын сезінбеген, әке қамқорлығын көрмеген, шешенің мәпелеуін сезінбеген. Ана аялап маңдайынан сипамаған, әке қорған болып арқасынан қақпаған. Тірі жетімнің күйін кешіп, мейірімге қанбаған – дейді Нұргүл Молдабайқызы.
Оның айтуына қарағанда қазіргі күнде тірі жетімдік көрген бір буын өсіп келеді.
Бұл Кеңес үкіметінің балабақшаларға 3 айлық баланы қабылдауынан басталды. Кеңестің жойғыш машинасы ана мен баланы бір-бірінен айыру арқылы ұрпақтың санасында «анам үшін мен қызметінен, ақшадан, дүние-мүліктен де құнсызбын» деген түсінікті қалыптастырды – дейді ол.