Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Үлкен өзгерістер жылы”: Сарапшы Тоқаев cұхбатын талдады

Жансая ҚАМБАР
6 Қаңтар 2026, 13:14
797
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

PhD, қауымдастырылған профессор, Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беруі соңғы жылдары саяси күн тәртібінің тұрақты элементіне айналғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Мемлекет басшысының 2024 жылғы 3 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты сұхбаты, 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ana tili» газетінде жарияланған «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбаты, сондай-ақ 2026 жылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты мазмұндық тұрғыдан өзара сабақтас екенін атады.

Бұл сұхбаттар реформалар жолы оңай емес екенін, алайда оның ел дамуы үшін объективті қажеттілік екенін жүйелі түрде күн тәртібіне шығарып отыр, - дейді Нұрбек Пұсырманов.

Ол Қ.Тоқаевтың президенттік қызметке кірісуі саяси реформалардың кезең-кезеңімен енгізілуі, конституциялық өзгерістердің жүзеге асырылуы, екі мәрте республикалық референдумның өтуі және халықтың бұл бастамаларды қолдауы елдің саяси жүйесін институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға негіз қалады деп санайды. Кеше жарияланған сұхбат осы үдерістердің логикалық жалғасы деп есептейді.

Мұндай келелі жұмыстар өткеннің «ескі» құрылымдық мұрасын арқалаумен қатар жүргені жасырын емес. Бұл туралы сұхбатында Президент: «Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді». Мұның барлығы қоғамның көңіл күйіне кері әсер ететін факторлар екені айтпаса да белгілі. Әрбір өз уақытында жасалмаған шараларға жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті. Енді осы мәселелерге прагматикалық көзқарас танытып, алға жылжуда жаңаны құру, ескіні жөңдеуді және қоғамдық оптимизмді арттыруды талап етеді, - дейді сарапшы.

Ол осылайша үш бағыттағы жұмыс қазіргі билік институттарының шапшаң жаңарып, шынайы «қоғамға қызмет етуші моделге» ауысуын талап ететінін жеткізді.

Жаңа 2026 жыл «Үлкен өзгерістер жылы» немесе сұхбаттағы Президент сөзімен келтірсек, «биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады», - деді Нұрбек Пұсырманов.

Сарапшы сұхбаттағы тезистерді саяси талдау бірқатар басымдықтардың жаңа жылдық құттықтауымен де байланысты екенін көрсеткенін атады.

Мәселен «2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мән-маңызы зор. Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін», дегені жаңа конституциялық реформа яғни елді жаңғыртуды жеделдету үшін өзгерістердің жаңа кезеңін жариялағандай, - деді ол.

Нұрбек Пұсырманов өзгерістерді жеделдетуде цифрландыру мен жасанды инттелект жаңғыру қарқынын ашық әрі әділ ете түсетінін жеткізді.

Президент сұхбатының негізгі ойы – Қазақстанды әділетті, жаңарған және жауапты мемлекет ретінде қайта құруды көздейді. Яғни сұхбаттағы «әділеттілік» тұжырымы қоғамдағы әділетсіздіктерді жоюда «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау секілді негіздермен сәйкеседі, - деп атады сарапшы.

Пұсырманов соңғы жылдары Қазақстанда «тарихи саясат» (memory politics) қоғамдық сананы жаңғыртудың, азаматтық бірегейлікті нығайтудың және тарихи жадтың фрагментациялану тәуекелдерін басқарудың маңызды құралдарының біріне айналып жатқанын айтты.

Бұл үдерісте президенттік риторика өткенді түсіндірудің негізгі шеңберін айқындап, қоғам үшін мәнді тарихи оқиғаларды, құндылықтық бағдарларды және мемлекеттілік сабақтастығын, әділеттілік, мемлекеттілік пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды бекітеді, - деді ол.

Екіншіден, сарапшы Қ. Тоқаев персонализм президенттік бейнені ұсынып, реформалар үшін жауапкершілікті мойнына алатынын жеткізді.

Президент өзін өзгерістің жалғыз авторы емес, халықпен бірге жаңаратын мемлекет басшысы ретінде белгілейді. Үшіншіден, билік кілт сөзі жеті мәрте кездеседі, және бұл қоғамға қызмет етуші институт ретінде көрсетіледі. Осы орайда Президент азаматтық қоғамды күшейтуді, диалог пен ашықтықты басты құндылық ретінде айқындаған, - деді ол.

Төртінші және негізгісі ретінде Пұсырманов 2026 жылғы мақсаттарымызға жету үшін әр азаматтың ел болашағына жауапты екенін көрсету, өз үлестерін қосуы керегін атады.

Ұлт құру – ортақ міндет. Азаматтардың бірлік пен бір мақсатта бірге тұруы, «заң мен тәртіпті», патриотизмді ұстануы және өз рөлдерін абыроймен және адал қызмет етуі маңызды, - деді ол.

Ол сондай-ақ осы негіздердің барлығы қаржылық қайта құрумен қатар жүріп жатқанын атады.

Әлемдік экономикадағы үздіксіз қиындықтарға қарамастан, Қазақстан экономикада, нақты және өлшенетін жетістіктерге қол жеткізді. Бұл Тәуелсіз Қазақстан дамуында соңғы 12 жыл шамасындағы ірі өсім экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Осындай жетістіктер елде басталған қиын, бірақ қажетті реформалар дұрыс бағытқа жылжып, қазақстандықтар үшін нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқаны билікке сенімді нығайтатыны хақ, - деді сарапшы.

Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов Қазақстан қол жеткізілген жетістіктерді нығайта отырып, тұрақты, инклюзивті және өсуге бағдарланған экономиканы қалыптастыру жолын жалғастырып жатқанын атады.

Бұл бағыт өскелең ұрпаққа таза, қауіпсіз, әділетті, өркениетті және бейбіт қоғамды табыстауға мүмкіндік береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы