Үлгеріп қал, жүргізуші! Бүгін шетелдік көлікті заңдастырудың соңғы күні

30 Маусым 2023, 15:49
1206
Бөлісу:
Үлгеріп қал, жүргізуші! Бүгін шетелдік көлікті заңдастырудың соңғы күні
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Қазір 192 мыңнан астам шетелдік автомобиль Қазақстандық есепке алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, биылғы жылдың 23 қаңтарынан бастап 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруды жүргізіп жатыр. 

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиевтің сөзінше, 29 маусымдағы жағдай бойынша 200 мыңға жуық көлік заңдастырылған.

Биылғы жылдың 29 маусымына 192 мыңнан астам автомобиль заңдастырылды. Оның ішінде 11 мыңнан астам конструктор-автомобильдер қазақстандық есепке қойылды. Оларды жария ету биылғы 22 мамырдан басталды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады, - деді ол.

Алайда, Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторының айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматына автокөліктерді заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктерді құқығы берілетін болады.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келетін болсақ, егер автомобиль басқа елдегі бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылса, аталған автокөліктердің иелеріне оларды Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге кері әкету немесе оларды кейіннен бастапқы тіркеу туралы міндеттемемен Қазақстанда уақытша есепке қою құқығы берілетін болады. Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады (МТНБ үшін мемлекеттік баж төленеді – 9 660 теңге, КҚТК - 4 313 теңге, ал әдеттегі тіркеу үшін алым - 863 теңге), - деді Жамалиев.

Бұл ретте тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» жазбалары көрсетіледі. Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылатын болады.

Егер Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуді шешсе, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады. Егер автокөліктер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және Қазақстан азаматтары оларды Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлей отырып, утиль алымын алмай-ақ, заңдастыру шарттары қолданылатын болады, - деп түйіндеді аға инспектор.

Бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Мәжіліс барысында Тоқаев ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтып өтті.

Ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жіберді. Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек. Сондықтан құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы