11 қараша күні Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери жасағы жоғалған сәбилерді тауып, аналарына қайтарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Алматы қаласының Төле Би көшесінде қызмет атқарып жүрген сарбаздардан әйел адам өтінішпен келеді. Ол Горький атындағы саябақта екі баласын жоғалтып алғанын айтып, көмек сұрайды.
Әскери жасақ бастығы кіші сержант Жалғас Жексенбек, патрульші жауынгерлер Дәурен Құрманалы және Нұрбол Қайып бұл жағдай туралы патрульдік топ бастығына дереу баяндады.
Тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, бірден жоғалған балалар туралы шұғыл ақпаратты басқа да жасақтарға таратып, іздеу шараларын ұйымдастырады.
15 минуттан кейін Мақатаев көшесін барлап жүрген әскери қызметшілер сипаттамадағы белгілері ұқсас балаларды байқады. Нақтылай келе, олардың саябақта жоеалған балалар екені анықталды. Ағайындылар ата-аналарына аман-есен табысталды.
Өз кезегінде, балалардың жақындары құқықтық тәртіп жауынгерлері мен олардың командирлеріне кәсіби іс-әрекеттері мен жедел көмегі үшін алғыс білдірді.