Моңғолияның мемлекеттік университетінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «20 сұрақ» атты интеллектуалды викторина өткізілді, де хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараны Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің қолдауымен «Алаш Моңғолия» жастар қоғамдық ұйымы ұйымдастырды.
Бұл «Алаш Моңғолия» қоғамдық ұйымының қазақ жастары арасында 11-ші рет өткізіп отырған білім мен тапқырлық сайысы. Ұлан-Батыр қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студент қандастардың 25 тобы қатысқан бұл жолғы ойынның мақсаты – А.Байтұрсынұлының ақындық, ғылыми, өнегелік-этикалық мұрасын кеңінен насихаттау, Моңғолияның қазақ жастарының арасында қазақ халқының ұлттық сана-сезімін нығайтудағы ағартушының ұлттық республиканы құрудағы белсенді рөлімен таныстыру.
Іс-шараның қатысушылары мен қонақтарына арналған сөзінде Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына теңдессіз үлесін қосқан ағартушы, ғалым, қазақ лингвистикасының негізін қалаушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша баяндап, ғұмырын өз халқына қызмет етуге арнаған «Алаштың» рухани көсемінің саяси-қоғамдық қызметімен таныстырды.
Сонымен қатар, викторинаға қатысушылар мен оның қонақтары алдында белгілі жазушы, аудармашы, профессор Сұлтан Тәукейұлы, сондай-ақ жазушы және философ Жамбыл Әдіматтолаұлы сөз сөйлеп, А.Байтұрсынұлының шығармаларының терең философиялық-әлеуметтік мәнін, оның қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Сайыстың кезеңдері арасында шығармашылық жастардың өкілдері музыкалық-поэтикалық өнерлерін, сондай-ақ А.Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертетін театрландырылған шағын қойылым көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған 3 команда, сондай-ақ жеке есепте анықталған бір мықты ойыншы естелік сыйлықтармен марапатталды.