Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев 17 қараша күні бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысына қатысты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Іс-шараға Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Патрушев, Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Григорян, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Р.Мусаев, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Махмудзода, Белорусияның Қауіпсіздік Кеңесі Мемлекеттік хатшысының орынбасары М.Пузиков және ҰҚШҰ Бас хатшысы С.Зась қатысты (2020 жылы ҰҚШҰ-ға Ресей Федерациясы төрағалық еткенін ескере отырып, отырысты Мәскеу қаласында өткізу жоспарланған болатын).
Тараптар жиын барысында халықаралық және өңірлік ахуалдың негізгі аспектілері туралы пікір алмасты. Өзекті сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдардың, террористік әрекеттердің, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жүргізудің практикалық шараларына, киберқауіпсіздік саласындағы бірлескен шараларға басты назар аударылды, - делінген таратылған ақпаратта.
Әсет Исекешев ҰҚШҰ-ның маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның атқарып жатқан жұмысы жайында әріптестерін хабардар етіп, халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті.
Жиында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары халықаралық терроризммен, терроризмнің және онымен байланысты экстремистік идеологиялардың тарауына қарсы күрес жүргізу мақсатында Ынтымақтастық пен үйлестіру күштерін нығайту туралы мәлімдеме қабылдады.
Сондай-ақ Ұйым аясында өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен биылғы жылдың 2 желтоқсан күніне жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының күн тәртібінің жобасы келісілді.
ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысы 2021 жылы Тәжікстан Республикасында өтеді.