Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (Ұйым құрамына Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан кіреді) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі 23 тамызда кезектен тыс сессия өткізіп, Ауғанстандағы жағдайды талқылайды. Бұл туралы ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов айтты.
2021 жылы 23 тамызда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы бейнеконференцбайланыс арқылы өтеді деп жоспарланған. Оның барысында Ауғанстандағы жағдай мен оның ҰҚШҰ-ға мүше елдер қауіпсіздігіне әсері талқыланады, - деді ол.
Сонымен қатар бұл кеңес туралы бүгін Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен РФ президенті Владимир Путин де атап өтті.
Әрине, қазіргі таңда ең өзекті мәселе – қауіпсіздік. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдай ушығып барады. Дүйсенбі күні Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында бейнеконференция режимінде жиналып, пікір алмасамыз деп үміттенемін. Одан кейін қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында жоспарлы жұмысымызды жүргізе береміз, – деді Владимир Путин.
Айта кетейк, соңғы апталарда Ауғанстандағы жағдай күрделене түсті, Талибан қозғалысы ірі қалаларды басып алды. 15 тамызда бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат көздері шекараның барлық өткелі бақылауда екенін хабарлады. Сол күні содырлар Кабулға кіріп, президент сарайын басып алғанын мәлімдеді.