Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке қатысты тағы бір сырттай сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты (ВАКС) судьялар алқасының шешімімен ол жер учаскелерін заңсыз иемденгені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2007 жылы сол кездегі премьер-министр Виктор Янукович Киев облысындағы Днепр–Тетерев орман-аңшылық шаруашылығына қарасты орман қоры жерін иемдену мақсатында жер учаскелерін бөлу туралы шешімдердің қабылдануына бастамашы болған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін бұрынғы президенттің сыбайластары өздеріне жақын адамдарды тартқан. Олар Киев облыстық мемлекеттік әкімдігіне ауданы 1 гектарға дейінгі жер телімдерін бөлу туралы өтініш беріп, кейін олардың мақсатты пайдалану түрін өзгертуге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде жерді бұрынғы президенттің бақылауындағы компанияға кедергісіз беруге мүмкіндік берген, – деп хабарлады ВАКС.
2009–2011 жылдары аталған аумақта қонақүй-мейрамхана кешені салынған. Оны Виктор Янукович жеке қажеттіліктері үшін пайдаланған.
Сот экс-президентті жалпы аумағы 17,5 гектар болатын, шамамен 22 миллион гривен (шамамен 260 миллион теңге) тұратын орман қоры жерін заңсыз иемденді деп таныды.
2025 жылдың сәуір айында Виктор Янукович дезертирлікке арандату және мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу ісін ұйымдастырғаны үшін де сырттай 15 жылға сотталған болатын.
Ал 2019 жылдың қаңтарында оған Украинаға қарсы агрессивті соғысты жүргізуге жәрдемдескені және мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл үкім де сырттай шығарылған, себебі экс-президент 2014 жылы елден қашып кеткен.
Бұған дейін Украинаның Бас прокуратурасы қашқын бұрынғы президент Виктор Януковичтің Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Барвиха елді мекенінде жүргенін хабарлаған.
Виктор Янукович – Украинаның төртінші президенті (2010–2014). Ол екі рет Украина премьер-министрі қызметін атқарған (2002–2005 және 2006–2007 жылдары) және Аймақтар партиясын басқарған.