Украиналық депутат Рада отырысына шапан киіп барды

18 Желтоқсан 2021, 13:28
1354
Бөлісу:
Украиналық депутат Рада отырысына шапан киіп барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украиналық депутат Сергей Нагорняк Жоғарғы Рада отырысына Қазақстан туының түстерінен жасалған киіммен барды,  деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сергей Нагорняк Украинаның Жоғарғы Радасына Черкассы облысының атынан шыққан. Ол - "Слуга народа" саяси партиясы фракциясының мүшесі, Қазақстанмен парламентаралық байланыстар тобының жетекшісі.

16 желтоқсанда Жоғарғы Рада отырысында депутат сөз алып, әріптестерін Қазақстан халқын құттықтауға шақырды.

Бүгін көпшілік менің киіміме назар аударды. Бұл кездейсоқ емес. Киімім біздің достас мемлекетіміз - Қазақстанның түсінде. Бүгін Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуын атап өтіп жатыр. Мен оларды Жоғарғы Рада ұжымының атынан Тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді. Бүгінгі таңда біздің сауда балансымыз бір миллиард доллардан сәл аз. Біз оны екі-үш есе емес, он есе ұлғайта аламыз деп ойлаймын. Біздің достық тобымыз бүгінде 40 депутаттан тұрады, бұл үшін бәріміз бірге жұмыс істейміз. Қазақ достарымызды Тәуелсіздік күнімен қошеметпен құттықтаймыз, - деді Сергей Нагорняк.

Айта кетейік, украиналық депутат көк костюм киген, жейдесінде Қазақстан туының элементтері бейнеленген. Ол Facebook желісіндегі парақшасында суретін жариялады. Онда Нагорняк қара шапан кигенін де көруге болады.

Тарихымыз ортақ, дәстүріміз ұқсас. Бірақ ең бастысы көзқарасымыз ұқсас, демек, болашағымыз да ортақ. Мен сіздерге сенемін, Қазақстанның ұлы халқы! Достығымызды бағалаймын! Тәуелсіздік күні құтты болсын! 30 жылдықпен құттықтаймын!, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы