Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Польшадан отандастарымыз мінген ұшақ Алматыға келіп қонды.
Қазақстандықтар мінген «Эйр Астана» борты Алматы әуежайына сағат 22.35 кезінде қонды. Бұл ұшақпен Украинада жүрген 175 отандасымыз Польша арқылы жеткізілді, оның ішінде алты бала бар.
Терминалында оларды қолына гүл мен шар ұстаған туыстары күтіп алды.
Отандастарымыз мінген ұшақ Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16.25-те Польшаның Катовице қаласынан ұшып шыққан.
Польшадан А-321 ұшағымен үш рейс жасау күтілген. Екінші рейс 28 ақпанда сағат 14.00-де Атыраудан Катовицеге шығып кеткен.
Әуежайда келген жолаушыларға жедел көмек көрсету қажет болған жағдайда медициналық мамандар кезекшілік етті.
Эвакуацияланған қазақстандықтар үшін Алматы әкімдігі күніне үш рет тамақтанатын ыңғайлы қонақ үйге трансфер және орналастыру ұйымдастырды. Алматыға келгендердің барлығына уақтылы әрі жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Қала әкімдігі қажет болған жағдайда медициналық мамандардың қызметін, оның ішінде психологиялық көмек көрсетуге дайын.
Қазіргі уақытта Алматыға Украинадан тағы да бір репатриациялық рейс келеді деп күтілуде.