Үкіметте "Шелл" компаниясының жергілікті қамтуды арттыру мәселесі талқыланды

18 Наурыз 2024, 12:01
423
Бөлісу:
Үкіметте "Шелл" компаниясының жергілікті қамтуды арттыру мәселесі талқыланды
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Олжас Бектенов «Шелл плс» компаниясының атқарушы вице-президенті Питер Костелломен жергілікті қамтуды арттыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Шелл плс» концернінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесті, онда мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша мұнай мен конденсат өндіруді жылына кемінде 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта тараптар шикі газды кері айдаудың қосымша компрессорларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар жобаның толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында акционерлердің есебінен Қарашығанақтағы қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылуда.

Қашаған кен орнының тұрақты жұмысына ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнай өндіру 18,77 млн тонна, газ өндіру 11,86 млрд м3, газды қабатқа кері айдау 5,83 млрд м3 құрады. Кен орнын толық игеру үшін Қашағанда газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықтау сатысында тұр.

ҚР Үкіметінің басшысы жобаларды іске асыру шеңберінде, оның ішінде Қазақстан аумағында жоқ өндірістерді оқшаулау арқылы қазақстандық қамтуды арттырудың басымдығын атап өтті.

Бүгінде жоба операторларының жұмысындағы жергілікті қамту үлесі қолайлы деңгейде, ал тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі әлі де өте төмен. Бұл өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынасты қажет етеді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниетін растады. Сондай-ақ талқылау нәтижесінде жақын арада ішкі нарықта тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ұлғайту мақсатында жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасы қайта қаралатын болады.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар «Шелл» компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік және білім беру жобаларының оң әсерін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы