Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Екі күн бойы Ақтөбеде жұмыс сапарымен болған Үкіметтің жұмыс тобы аймақтағы Ақтөбе рельс-арқалық зауытында болды. Өнеркәсіп орындарының басшылармен кездесуде жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Үкіметтің жұмыс тобының кездесуіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де қатысты.
Ақтөбеде 400 мыңға жуық жалдамалы жұмысшы 11 мыңнан астам кәсіпорын бар. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік жағдайы төмен жұмысшыларға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
"Ақтөбе облысында 354,5 мыңнан астам жалдамалы жұмысшысы бар 11,6 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс жасайды. Отбасы күрделі қаржылай қиындыққа тап болған жұмысшыларға баспана сатып алу, үйлерін жөндеу, балаларын балабақша мен лагерьлерге орналастыру секілді басқа да материалдық көмектер көрсету қажет",- деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.
Қазір өңірде кәсіпкерлер көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау білдіріп жатыр. Пәтер алып бергендері көп. Ал, жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау мақсатында, биыл аймақта 8 мыңнан астам кәсіпорында 130 мың жұмысшының құқығын қорғайтын ұжымдық келісімшарттарға қол қойылды. Жыл басынан бері кәсіпорын басшыларымен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау жөнінде 1 мыңнан аса меморандумға қол қойылды. Дені - жұмысшылардың жалақысын көтеру. 1400 кәсіпорында 30 мыңнан астам жалақысы 15,5%-ға көтерілді.
"Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты байлық – адамның дамуы екенін атап өтті. Жұмысшылардың жалақысын көтеру шаралары қабылданып жатыр. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап, ең аз еңбекақы 1,5 есе өсті. Бұдан өзге, Президент Бес әлеуметтік бастама аясында биыл табысы 25 АЕК-тен аз 2 миллионнан астам жұмысшының салық жүктемесін азайтуды тапсырды",- деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.
Облыста ірі компаниялармен жобаларды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асыру жұмыстары жүйелік негізде жүргізіліп жатыр. 2017-2018 жылдарда 4,4 млрд теңгеге әлеуметтік жауапкершілік пен әріптестік туралы онға жуық меморандумға қол қойылды.