Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекітті

15 Қыркүйек 2025, 16:41
1108
Бөлісу:
 Үкімет
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауда елді жаңа даму сатысына шығару үшін кешенді шараларды іске асыруды жүктеді. Осыған сәйкес Үкіметке экономика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ көлік-логистика мен тұрғын үй-коммуналдық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге қатысты нақты міндеттер қойылды.

Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз. Жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуіміз қажет, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған барлық міндеттерге сай келетінін айтты.

Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Барлық қаржыландыру мәселелерін шұғыл шешу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Дауыс беру нәтижесінде жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан мақұлданды. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне жолдау тапсырылды. Ал Премьер-министрдің орынбасарлары белгіленген тәртіпке сай Жоспардың орындалуын қадағалап, үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Өзгелердің жаңалығы