Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен күн сайынғы форматтағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Отырыс барысында қазақстандық жүк тасымалдары саласында туындап отырған логистикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев шетелдік серіктестермен өткен келіссөздер және қол жеткізілген уағдаластықтар туралы баяндады.
Еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайту үшін жүк тасымалы, «Ақтау/Құрық – Баку – Тбилиси – Карс» бағыты бойынша серіктестермен келісімдер пысықталып жатыр. Сондай-ақ тарифтік саясат мәселесі де шешімін табуда, – деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Сонымен қатар бизнес, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзекті ақпаратпен жедел алмасу мәселесі талқыланды. Осылайша, қажетті мәліметтер базасы бір жүйеге келтіріледі.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Р. Батталов Жедел штабтың келесі отырысында қарау үшін бизнестің ұсыныстарын дайындау барысы туралы айтты.
Премьер-Министрдің төрағалығымен Жедел штабтың келесі отырысы биылғы 7 наурызда өтеді.