Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың нақты табысын арттыру екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу жәнедамыту агенттігімен Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Негізгі басымдық – халықтың табысын арттыру. Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2-3%-дан жоғары болуға тиіс. Бұған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етужәне инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізілмек, - дейді вице-премьер.
Жұманғариннің сөзінше, экономиканың өсуі 5%-дан кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі.
Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізіледі. Шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуғажәне цифрландыруға баса назар аударылатын болады.
Үкімет проактивті инвестициялық саясат жүргізіп, кәсіпкерлікті қолдау шараларын кеңейтеді.
Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады, - деп мәлімдеді Жұманғарин.
Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқармақ.
Экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыру үшін «Бәйтерек» Холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл Холдингті 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылатын болады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады, - дейді Серік Мақашұлы.
Ол экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы шағын және орта бизнес екенін еске салды. Әкімшілік жүктемені азайтып және қолдау көрсете отырып, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жалғасады.
Басымдық берілетін салаларда кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Оған қоса өңірлік мамандандыру жобаларына бағдарланған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны іске асыру шамамен 23 мың жобаны қолдауға, 127 млрд теңге бюджеттік қолдаумен, 1,2 трлн теңге сомасына кредит беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жаңа Салық кодексін енгізу барысы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.