Үкімет «Теңізшевройл» сияқты кен орындарының келісімшартын халыққа көрсетуге дайын ба?

13 Қыркүйек 2023, 10:48
728
Бөлісу:
Үкімет «Теңізшевройл» сияқты кен орындарының келісімшартын халыққа көрсетуге дайын ба?
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мұндай сұрақты палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбай қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте бүгін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырылып, талқыланды.

1997 жылдан бастап барлық мұнай кен орындары инвесторлардың қолында. Мысалы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ», «Қашаған». Бірақ, өкінішке қарай, осы күнге дейін халық олармен жасалған келісімшарт туралы білмейді. Келісімшарт қандай шарттармен бекітілген? – деді депутат.

Бақытжан Базарбай атағандай, Конституция бойынша халық - жердің, жер қойнауының иесі.

Сондықтан Үкімет «Теңізшевройл», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындары бойынша бекітілген келісімшартты ашуға дайын ба? Осы екі сұраққа жауап берсеңіздер, - деп ол Энергетика министрлігінің өкіліне сұрақ қойды.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов былай деп жауап берді.

Бізді өнімді бөлу келісімшарттарына тұрақтылық берілген. Бірақ бұл ешқандай ақпарат жоқ дегенді білдірмейді. Ашық ақпарат – ол экологиялық міндеттемелердің орындалуы, қанша салық төленіп жатыр, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өңірлерге қандай көмек көрсетіп, қанша қаржы бөліп жатқаны. Оны көрсетіп жатыр. Басқа да ақпараттарды көрсету үшін Үкімет пен Мәжіліс арасында арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы топ арқылы қандай да бір ақпаратты ашық ету үшін жұмыс істейміз, - деп айтты Хасенов Мәжілісте.

Депутат сұрағын қайталап қойып, келісімшартты халыққа көрсетуге дайындығын сұрады.

Бұл келісімшарттар халықаралық талаптарға сәйкес тек қана екі жақтың келіссөздері арқылы келісілген болса ғана ашылады. Қандай да бір ақпаратты ашық ету керек болса, біз жаңағы үш алпауыт компанияға өз талаптарымызды қойып жатырмыз, - деп айтты Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.

Өзгелердің жаңалығы