Саяси партиялардың теледебатында «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Үкімет қолымыздағы бар байлыққа дұрыс мән бермей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров ақжолдық Азат Перуашевтен партияның бағдарламасындағы Еуроодаққа қосу туралы бастамасы неге негізделіп жасалғанын сұрады.
Шынын айтқанда, Еуроодаққа қосылу - бұл ұзақ перспективалық мәселе. Қазіргі кезде еуропалық тәжірибе, стандарттар болғанын қалаймыз. Әсіресе мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастарға. Сонымен қатар тағы бір мәселе - мұғалімдердің жалақысын қалай көтереміз? Мәжілісте әлеуметтік проблемаларға байланысты ұсыныс жасағанымызда, Үкімет тек бір ғана - «оған тиісті қаражат жоқ» деген жауапты береді, - деді Перуашев.
«Ақжол» партиясының төрағасы мемлекетіміз өте бай екенін айтты.
Бұл - жалған ақпарат, ол өтірік. Негізі мемлекетіміз өте бай. Жеріміз де бай, халқымыз да дарынды. Бәрақ шынына келгенде, Үкіметіміз, билігіміз қолымыздағы бар байлыққа дұрыс мән бермей отыр. Мысалы, Ұлттық компаниялар бар. Оларға мемлекеттен қаражат бөлінсе де, табатын табысын өздеріне қалдырып отыр. Байлығымызға дұрыс мән берсек, мұғалімдеріміз ғана емес, басқа азаматтарымыз да жақсы өмір сүрер еді, - деп айтты Азат Перуашев.
«Хабар» арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партияның теледебаты өткенін еске сала кетейік.