Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата Алатау қаласының бюджетінің орындалуы туралы жыл сайын есеп беретін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары "Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы" конституциялық заң жобасына бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді.
Енді Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстары туралы есеп Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің құрамына енгізіледі, – деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Сонымен қатар әкімшілік бюджеттің орындалуы туралы есеп пен Алатау қаласының жылдық даму есебін интернет-ресурстарда жариялау міндеті енгізіледі.
Бұдан бөлек, депутаттар әкімшілік Кеңесінің құқықтық мәртебесін нақтылап, оны басқарудың жоғары алқалы органы ретінде айқындады. Алатаудың арнайы құқықтық режиміне қатысты негізгі мәселелер бойынша шешімдерді осы Кеңес қабылдайтыны бекітілді.
Сонымен бірге әкімшілік лауазымды тұлғаларына (бас атқарушы директор мен қызметкерлерге), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларына өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жауапкершілік енгізу көзделіп отыр.