Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық өндірушілерді қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдың бірінші жартысында өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өсті. Оның ішінде қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жиһаз өндіру салалары артты. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салаларда оң серпін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізудің бірден бір тетігі - отандық өндірісті қолдау, – деді Шарлапаев.
Министр отандық өндірушілерді қолдау аясында заңнамалық өзгерістер жасалғанын айтты.
Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілді. Офтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды. Екіншіден, мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді, – деді министр.
Шарлапаев жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық берілетінін айтады.
Табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10 пайыз шартты жеңілдік қарастырылған. Бұл тауарлардың бәсекелестігін арттырады. Сондай-ақ Самұрық Қазына сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк келісімшарттар жасасу жетілдірілді, – деді министр.