Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында еліміздің жаңа Конституциясын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті іс-шаралар жоспары бекітілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет, – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ ол білім беру саласына қатысты нақты міндеттерді айқындады.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақытылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс, – дейді ол.
Премьер-министр заңнаманы жаңарту мәселесіне де тоқталды.
Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет, – дейді Үкімет басшысы.
Жиын соңында Олжас Бектенов барлық мемлекеттік органдарға нақты тапсырма жүктеді.
Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді ол.