Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов неліктен локдаун 2 аптаға жарияланғанын түсіндірді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде тілшілердің бірі: "карантин неліктен төрт апта емес, екі аптаға белгіленді? Бұл табысынан айырылған халыққа жәрдемақы төлемеудің айласы ма?" деп сұрады.
Бұл жерден саясат іздеудің қажеті жоқ... Бірнеше нұсқасы болған. Неліктен, екі апталық шектеулер қабылдағанын айта кетейін. Біріншіден, халықтың арасында індеттің таралуын азайту. Әсіресе, әлеуметтік байланыс арқылы жұқтыруды болдырмау. Екіншіден, аурудың инкубациялық кезеңі 2 аптаны құрайды. Бұл біздің ескеруіміз тиіс маңызды кезең. Бірақ, егер болашақта қатаң шараларды қажет ететін мәселелер туындаса, екі аптадан кейін жаңа шаралар қабылданады. Ол кезде қатаң карантинге өтетінімізді ескертеміз, - дейді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, бүгін мемлекеттік комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды бекіткен болатын. Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов карантин режимін сақтамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, тамызға дейін тәулігіне 39 мың ПТР тест жасалатынын және елдегі шектеулерге қарамастан той жасап жүргендер туралы айтты.