Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет инфляцияны тежеу үшін 5 негізгі шара қабылдады

Жансая ҚАМБАР
3 Қараша 2025, 16:48
475
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Тасып бара жатқан инфляцияны тоқтату үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кейбір либерализация бойынша жоспарларын кейінге шегерді. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында бес шара қабылдайтын болды. Бұл өзгерістерді экономист Айбар Олжай талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономист қабылданатын шараларға жеке-жеке тоқталды.

  • Біріншісі: АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге енгізілген мораторий. Демек, қазірге дейінгі көтерілген баға ұсталып тұрады. Бұл уақытша шара деп жарияланды. Инфляция тоқтағаннан кейін бензин мен дизель бағасы қайтадан қымбаттайды. Қазір жағдайды ушықтырмас үшін тоқтатып отыр.
  • Екіншісі: Барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтерді көтеру 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Яғни 5 ай бойы тарифтер өспейді. Осы қыста осы тариф өссе, коммуналдық қызмет шегі өте қымбат болып кетейін деп тұр. Халық шок алып, қаңтар не желтоқсанда көтерілетін әдетімен алаңға шығып кетуі мүмкін. Бұл – таза саяси шешім. Үкімет коммуналдық жүйеде жоспарланған барлық жөндеу жұмысы өз мерзімінде аяқталады деп отыр. Жаңа жөндеу басталмайды, себебі тариф өспейді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бойынша сатып алу көбейеді. Тұрақтандыру қорлары қатты күшейетін болады. Яғни олар маусым кезінде ауыл шаруашылық өнімдерін арзанға сатып алып, оны қоймаларда сақтайды. Қазір де солай жұмыс істейді, бірақ енді одан да көбірек ақша бөлінеді. Сонда ірі супермаркеттерге арзан бағамен ай сайын көкөніс-жемістерді шығарып отыруға болады.

  • Үшіншісі: Салықтық тексерулер, камералдық бақылау алынып тасталады. Сот органдарына мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады. Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер жауапкершілікке тартылмайды.

Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл – шағын бизнес үшін өте жақсы жаңалық.

Таза парақ жүйесі деген – амнистияға негізделген жүйе. Енді салық органдары ИП-ның өткенін қарамайды, бәріміз тарихымызды тазалап, жаңа жүйеге көшеміз. Енді жаңа жүйенің ішінде ереже бұзсақ қана салық органдары оны тексеретін болады.

  • Төртінші. Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды. Ол үшін бюджет “Отбасы банкіне” көбірек ақша беріп, несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтатын болады. Бірақ мұнда инфляция қызып кетпес үшін несие 100 пайыз тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық ережелерін орындаған борышкерлерге ғана берілуі қажет деп санаймын. Өйткені адамдар тез ақша салып, “Отбасы банкінен” ипотека шығарып алатын болса, тұрғын үй банкіндегі қымбатшылықты азайта алмаймыз.
  • Бесінші. Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру жөніндегі бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұдан ең бірінші автоқұрастырушылар, одан кейін тұрғындар ұтуы керек. Автонарықта, бір жақсысы, қатты инфляция жоқ. Қытай автокөліктері көптеп енуінің арқасында көлік бағасы қымбаттамай, тіпті екінші қолданбалы нарықта арзандап келеді. Сондықтан лизинг кәдеге асуы керек шара деп ойлаймын.

Экономист Үкіметтің қымбатшылыққа қарсы қолынан келетін іс-шараларды іске қосқанын атады.

Өзгелердің жаңалығы