Үкімет: Елде 25 мың жұмыс орны ашылады

Бүгiн, 09:02
179
Бөлісу:
Үкімет: Елде 25 мың жұмыс орны ашылады
Фото: Арман Мухатов -архив

Еліміздегі экономикалық трансформация негізінде басым салалардағы ірі 17 жоба негізінде 25 мың жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент өзінің "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашуға жүйелі күш салу қажеттігін баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізімін атап өтті.

Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы шеңберінде іріктелді. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтиды.

Жобалар тізімі негізгі критерийлер бойынша таңдалды:

  • өнімді қайта бөлудің орташа және жоғары деңгейі;
  • экспортқа және импортты алмастыруға бағдарлану;
  • өндірілетін өнімге нарықтық сұраныс;
  • ел немесе аймақ экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығы – мультипликативті әсер.

Аталған жобаларға инвестиция көлемі шамамен 15 трлн теңгені құрап, 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Күтілетін экономикалық тиімділік экспорт көлемінің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуін қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы