Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов интернет сапасына байланысты шағымның көп түсе бастағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биыл 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады. Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады. Сондай-ақ шекара өткізу пункттерінде де байланыс пен интернет сапасы тұрақсыз. Бұл көліктер мен адамдар ағынының шекарадан өтуіне кедергі келтіреді. Осы мәселе жедел шешілуі керек, – деді Олжас Бектенов.
Бектенов министрлік операторлармен және әкімдіктермен бірлесіп қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту керегін айтты.
Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда, әзірге бұл байқалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген, – деді Олжас Абайұлы.