Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы БАҚ өкілдерінің «Биыл девальвация бола ма?» деген сұрағына жауап берді.
Мен бұл сұраққа бұған дейін де жауап берген едім. Девальвацияға еш негіз жоқ. Теңге бағамының бірден әлсіреуі күтілмейді. Девальвация да күтілмейді, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр базалық сценарийге тоқталды.
Бюджетке салатын параметрлерге тоқталсақ, қазір Үкіметте бюджетке қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз базалық сценарийді негізге алып отырмыз, яғни доллардың бағамы 540 теңге болғанда, мұнай барреліне 60 долларға сәйкес келеді. Бұл базалық сценарий, - деп түсіндірді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол пессимистік сценарийді де атады.
Пессимистік сценарийі де бар. Егер мұнай бағасы 50 баррельге дейін төмендесе, онда өзге механизмдер қолданылады. Бірақ біз бүгінгі күні қисынға базалық сценарий сай деп санаймыз, - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.