Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет басшысы: Баяу интернетке арыз-шағым азаймай тұр

21 Қазан 2025, 10:17
289
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Қазақстанның телекоммуникация саласы соңғы бес жылда орнықты өсім көрсетіп келеді.

Экономиканы цифрлық трансформациялау бағытындағы барлық реформаның бастауында байланыс инфрақұрылымы тұрғанын айта кету керек. Байланыс нарығында бүгінде бәсекелестік белсенді дамуда. Бұл өз кезегінде операторларды жаңа қызмет түрлерін ұсынуға және олардың сапасын арттыруға ынталандырып отыр. Әлеуметтік жобалар іске қосылып жатыр. Олар цифрлық кеңістікте балаларды қорғауға және халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол аталған жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін алға тартты.

Сонымен қатар еліміздің аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен жаппай қамту арқылы ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонда ғана Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы тапсырмасын тиімді іске асыра аламыз. Тұрақты интернет – бүгінде игіліктен бөлек, халықтың күнделікті өмірі мен заманауи экономиканың маңызды қажеттілігіне айналды. Сонымен қатар жол бойында мобильді байланыс тұрақсыз, ауылды жерлерде интернет өте баяу, тіпті қалалардың өзінде ауқымды іс-шаралар барысында интернет сапасы нашарлап кетеді деген сыңайда арыз-шағымдар азаймай отыр. Жасанды интеллект министрлігі осындай үлкен шаралар кезінде байланыс және интернет инфрақұрылымына жүктеменің күрт артуына қатысты мәселені операторлармен бірге мұқият пысықтауы қажет, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысы ерекше назарды қажет ететінін ескертті.

Биылдың өзінде 3 бірдей істен шығу жағдайы тіркелді. Деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтары жоғары жүктемені көтере алмады. Сондықтан бұл мәселелер Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің тұрақты бақылауында болуға тиіс. Саланың дамуына серпін беру үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Ол 2027-ші жылға қарай елімізді байланыс желілерімен және ең кемі секундына 100 Мбит болатын жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект министрлігінің алдында осы ұлттық жобада жоспарланған барлық іс-шараларды тиімді орындау міндеті тұр, - деді Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы