Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов хабарлады. Сондай-ақ ол мектеп оқушылары арасында індет жұқтырушылардың саны артқанын алға тартты.
Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясының көбейгенін ескеріп, әкімдерге барлық оқу орындарында санитариялық-эпидемиологиялық режимнің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейту қажет, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол өңірлердегі вакцинация мәселесін сынға алды.
Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған. Сондай-ақ ел астанасы мен Алматыда және Маңғыстау облысында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ, - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, екпе салдыру бойынша көш бастап тұрған аймақтар басқаларға үлгі болуы тиіс.
Шығыс Қазақстан облысында вакцинамен қамту 100%, ревакциналау шамамен 80%-ға жетіп отыр. Жамбыл облысында вакцина салдыру 100%, ал ревакциналау – 66%-ға жуықтады. Бұл – басқа өңірлер үшін үлгі боларлық жұмыс. Көш соңындағы аймақтардың әкімдері вакциналау және ревакциналау мәселесін күнделікті бақылауға алуы тиіс, - деді Премьер-министр.