Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін күшейтеді

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, экспорт және шағын бизнесті қолдау жұмыстары күшейтіледі.

 ©BAQ.KZ архиві 14 Шілде 2026, 12:39
14 Шілде 2026, 12:39
107
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өткізу нарықтарын кеңейту және отандық өндірушілерді қолдау Қазақстан Үкіметінің экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды қолдау шараларын күшейтіп, отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды.

Экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясына астықты өңдеу өнімдерін тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі оператордың өкілеттігін беру тапсырылды.

Сонымен қатар мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидия енгізу көзделген.

Өңір әкімдіктеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал сатып алу жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

Бұл ет өндірісін ұлғайтуға, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Үкімет сауда мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударып отыр.

Премьер-министр өңірлерге нақты өсу нүктелері, инвестициялық жобалар және тауар айналымын арттыру көрсеткіштері қамтылған сауданы дамыту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді тапсырды.

Әсіресе шекара маңындағы өңірлер мен туристік әлеуеті жоғары аумақтардың мүмкіндігі зор. Оларды дамыту сауда, өңдеу өнеркәсібі және кәсіпкерлік бағытындағы жаңа орталықтардың қалыптасуына жол ашады.

Шағын және орта бизнес экономиканың басты қозғаушы күші болып қала береді. Біз оның одан әрі дамуына барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет кәсіпкерлерді қолдау және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырады.

Наверх