Үкімет келесі жылға арналған заң шығару жұмыстарының басым бағыттарын айқындады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биыл маңызды заңнамалық бастамалар қабылданды.
Медициналық сақтандыру, құқық бұзушылық профилактикасы, баламалы энергетиканы дамыту, инвестициялық қорларды реттеу және басқа да маңызды бағыттар бойынша бірқатар заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізілді. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты қабылданған шаралар әр азамат үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар ол Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасының ережелері капитал нарығын одан әрі тиімді дамытуға ықпал ететінін алға тартты. Сонымен қатар белгіленген мерзімдердің сақталуына қатысты мәселелер де бар.
Мысалы, денсаулық сақтау туралы заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімінен 30 күнге кешіктірілді. Мұндайды доғару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауға тиіс. Сондай-ақ бірқатар жобаларға Үкімет аппараты мен Президент әкімшілігінің ескертулерінен кейін көп өзгерістер енгізіліп, қайта пысықталады. Жалпы алғанда, осы жылға арналған заң жобалары Парламент қарауына енгізілді. Демек, жоспар орындалды деп санауға болады, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол Үкімет 2026 жылы заң шығару жұмысының экономика мен әлеуметтік саланың маңызды аспектілеріне қатысты негізгі бағыттарына баса мән беретінін алға тартты.
Соның бірі – мемлекеттік мүлікті басқаруды одан әрі жетілдіру. Мемлекеттің экономикаға қатысу шегін нақты айқындап, басқару ісіне қатысты құқықтық талаптарды бекітіп алу қажет. Біз жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін нормативтік базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың жүйелі әрі кешенді тәсілін қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар бар, - Үкімет басшысы.
Айта кетерлігі, келесі жылы барлығы 12 заң жобасын әзірлеу көзделген.
Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары әрбір заң жобасының сапалы әзірленуін және олардың Мәжіліске уақтылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстасын. Мемлекеттік органдардың арасында ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Заң жобаларын келісу барысында басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеу керек, - деді Олжас Бектенов.