Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Вашингтонда (АҚШ) халықаралық рейтинг агенттіктерінің басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықаралық рейтинг агенттіктерінің «Үлкен үштігі» - Standard&Poor's, Moody's және Fitch Ratings жоғары басшылығымен кездесті. Сондай-ақ жиынға Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов қатысты.
Кездесуде Әләбек Қуантыров пен халықаралық сарапшылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен перспективалары, сондай-ақ санкциялық текетірес жағдайында орнықты және инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған Үкімет реформалары туралы пікір алмасты, - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар салық және бюджет саясатын жетілдіру, атап айтқанда жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, бизнесті қайта реттеу, экономиканы мемлекет меншігінен алу және Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі шаралар қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар әлемдік экономикадағы қазіргі ахуалды, дамыған елдер мен дамушы мемлекеттердің алдында тұрған сын-қатерлерді талқылады. Кездесу соңында екі жақ бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.