Учаскелік полицейлер халықпен кері байланыс орнатуға мүдделі – министр

22 Қазан 2020, 15:36
1530
Бөлісу:
Учаскелік полицейлер халықпен кері байланыс орнатуға мүдделі – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Учаскелік полицейлер халықпен тікелей кері байланыс орнатуға мүдделі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұғымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

Учаскелік инспекторлар қарапайым азаматтармен күнделікті байланыс жасап, кез-келген оқыс жағдайда бірінші болып көмекке келіп, олардың мәселелерін мұқият тыңдап, шешімін табуға көмектеседі. Тұрғындар түрлі проблемаларымен, отбасылық мәселелерімен немесе көршілермен жанжал туындаған кезде ең бірінші учаскелік инспекторларға өтінішпен жүгінеді. Учаскелік инспекторлардың күнделікті жұмыстары көзге көріне бермесе де, олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында күрделі жұмыстар атқарады. Жергілікті полиция қызметін реформалаудағы басты рөлді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «жұртқа жақын полиция» қағидасы бойынша учаскелік инспекторларға беріп отырғаны да кездейсоқ емес, - деді министр. 

Сонымен қатар, министр ішкі істер органдарының қызметін жетілдірудің басым бағыттарының бірі - азаматтық қоғаммен әріптестік қатынастарды, халықпен өзара байланыс жасаудың әртүрлі әдістерін қолдану және оны дамыту болып табылатындығы туралы айтты. 

Қазіргі уақытта проблемалық мәселелерді зерделеу, қызмет көрсетілетін учаскелерде құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Учаскелік полицейлер халықпен тікелей кері байланыс орнатуға мүдделі. Ол үшін қарапайым байланыс құралдары, әлеуметтік желідегі мессенджерлер қолданылады. 

Полиция учаскелерінің, қызмет көрсету аумақтарының орналасқан мекенжайы, учаскелік полиция қызметкерлері туралы деректер мен байланыс телефондары полиция департаменттерінің сайттарында, қалалық, аудандық полиция бөлімшелері бастықтарының әлеуметтік желілердегі парақшаларында орналастырылған. 

Халыққа жақын болу мақсатында учаскелік полицейлерді көршілер құрған топтық чаттарға «қосу» жұмыстары жүргізілуде. Ол чат арқылы барлық хабарларды жедел алып, шұғыл хабарламалар жасауға болады. Тұрғындар чатта ақпараттармен бөлісіп отырады. Мысалы, аулада жүрген күдікті бейтаныс адам туралы ескертеді, ойнап жүрген бала кенеттен жоғалып кеткен жағдайда көмек сұрайды. Мұндай топтарда жергілікті полиция қызметі өкілінің болуы әртүрлі жағдайларға жедел ден қоюға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде отбасы-тұрмыстық жанжалдар кезінде уақытылы шара қабылдауға көмектеседі. Учаскелік инспектор азаматтардың ресми арыздануын күтпей-ақ, оларды дереу шешуге әрекет етіп, тиімді шаралар қолданады және қажет болған жағдайда қосымша күштерді шақырады. Азаматтармен өзара байланыс жасаудың мұндай тәсілі кейбір өңірлерде қолданысқа енгізілген және өз тиімділігін көрсетті. Бұл туралы халық та жақсы пікірде. Сондықтан бұл тәжірибені тек мегаполистер мен ірі қалаларда ғана емес, барлық аймақта енгізуге толық негіз бар. Мен тиісті нұсқаулар мен тапсырмаларды барлық аумақтық полиция бөлімшелеріне бердім. Тұрғындар біздің жаңа бастамамызды оң бағалап, қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік инспекторлардың жұмысына белсенді атсалысатынына сенімдімін, - деп толықтырды министр.


Өзгелердің жаңалығы