2024 жылы Білім министрлігінің бюджеті 5 рет өзгеріп, жалпы көлемі 661,5 млрд теңгені құраған. Бұл соңғы 3 жылда 1,7 есеге артқан. Игеру 99,9 пайыз болған. Сенатор Талғат Жүнісов қаржының тиімділігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Педагогикалық мамандықтарға қабылдаудың қазіргі механизміне байланысты талапты орындамаған 18 мың студент ақылы негізде оқуға түскен. Оның ішінде 5300-і ҰБТ-дан 75 балдан төмен, ал 12 700-і мүлде тест тапсырмаған.
Жоғары аудиторлық палата талдауы бойынша, педагогикалық бағыттағы 20 ЖОО-да білім сапасы сын көтермейді. Студенттердің 40%-дан астамы жеткілікті деңгейді көрсете алмаған. Дегенмен бұл ЖОО-лардың 10-ы республикалық бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс алған. Сондай-ақ, "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" бағдарламасы аясында 1 415 түлектің тек 471-і ғана жұмысқа орналасқан. Бұл 33%-ды ғана құрайды.
Сенатор, сұранысқа ие мамандарды даярлау мен түлектердің жұмысқа орналасуын жақсарту бойынша нақты қандай шаралар қабылданып жатқанын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен сұрады.
Шын мәнінде де, қалыптасқан бұрынғыдай ереже бойынша ҰБТ-сыз жоғары оқу орындарына белгілі санаттар ақылы немесе грантқа оқуға түсуге мүмкіндік болған еді. ҰБТ-сыз шекті 75 балды алмаған жағдайда бір жыл ішінде шартты түрде оқуын жалғастырады, бірақ ҰБТ-ны алмаған жағдайда шығарылады деген процедура болған. Оны алып тастадық. Сапаға тиетін бір процедура болған. Толыққанды қарастырылып, бүкіл шарттар өзгеріп кеткенін нақты айта аламын, - деді министр.
Саясат Нұрбек "Серпін" бағдарламасына қатысты да атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Бағдарламаның шарттары да, ережелері де жаңадан қаралды. Біріншіден, колледждерден де келуге мүмкіндік қарастырылды. Жұмыс мерзімі үш жылдан екі жылға шектелді. Тек қана мемлекеттік емес, жекеменшік компанияға да жұмысқа тұруға рұқсат бердік. Сол бірден эффектісін берді. Жыл басында 60 пайызға дейін жұмыспен қамтамасыз етілді. Әр өңірде жобалық офистер құрылды. Енді жұмыспен қамтамасыз ету және сол өңірлік еңбек нарығының тапшылығы да ескерілетін болады. "Серпін" бағдарламасын жаңа жолға қоямыз деген үмітіміз бар. Соңғы бес жылда жұмыспен қамтамасыз ету 40 пайыздан асқан жоқ, - деді министр.
Елімізде шетелдік ЖОО-лардың бірнеше филиалы ашылады. Биыл қыркүйекте тағы 10 филиал ашу жоспарланған.
Шетелдік мықты ЖОО-лардың фиалиалдарын әкеліп жатырмыз. 23 филиал ашылды. Жалпы 39 филиал болады. Әр өңірлік мемлекеттік университетке өзінің нақты мамандандырылған серіктесін таптық. Сондықтан бұл эффектіні 2-3 жыл ішінде көресіздер. Білім сапасы жақсы, жаңа деңгейге көтеріледі. Педагогтарды даярлау мазмұны үрдісін де басқа модельмен бастадық. Сондықтан білім сапасын көтеруге жүйелі қаржыландыру жағынан, мазмұн жағынан шаралар атқарылып келе жатыр. Оның нақты нәтижелерін бір-екі жылдың ішінде көретін боласыздар, - деді ол.