Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күннен кейін барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, кезекті оқу жылы аяқталады. Жамбыл облысындағы 446 білім мекемесінде 222 801 оқушы білім алса, соның ішінде 364 орта мектептен 8 796 бітіруші түлеп ұшқалы отыр.
Олар қорытынды аттестаттауға қатысып, өз таңдауларына қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Биылғы түлектердің 328-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 245-і - үздік аттестатқа үміткер.
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, өңірдегі жалпы түлектердің 5 913-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.
«ҰБТ қатысушылары бұрынғыдай Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ мен ТарМПУ-дағы және Жуалы, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарында орналасқан 10 пунктте тест тапсырады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.
Білім саласындағы қазіргі өзекті мәселенің бірі – оқушылардың демалысын дұрыс ұйымдастыру. Рахия Сейітбекқызы биыл Жамбыл облысы бойынша барлығы 203 107 оқушы жазғы сауықтыру шараларына тартылатынын жеткізді.
«Оның ішінде 185 516-сы 425 мектеп жанындағы, 8 046-сы 10 қала сыртындағы, 160-ы палаткалық, 290-ы республикалық лагерьлерде және 9 095 жасөспірім ата-аналар, демеушілер есебінен демалмақ. Сондай-ақ, осы кезеңде 37 716 оқушы туристік саяхаттар мен экскурсияларға жіберіліп, 108 676 жеткіншекке түрлі үйірмеге қатысуға мүмкіндік жасалады», - деді Рахия Тұрмаханбетова.
Жауапты маман бос уақытын тиімді өткізетін балалардың қатарында еңбек жасақтарына шақырылып отырған 16 791 балғын да бар екенін мәлімдеді.