Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында Абу Даби қаласындағы "Уахат әл-Карама" мемориалды кешеніне барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1971 жылдан бері соғыста немесе қызмет бабында қаза болған сарбаздарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, дипломаттар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына арнап соғылған, атауы – "Намыс оазисі" деген мағына беретін кешенді аралап көрді. Құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Президент мемориал кешеніндегі Құрметті қонақтар қолтаңба қалдыратын кітапқа "Сын сағатында қаһармандық танытқан саңлақтар мемориалы болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын дәріптейді. Өз Отанының мүддесі жолында қасиетті борышын өтеп, құрбан болған перзенттер рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқына құт-береке мен мол ырыс тілеймін, – деген тілегін қалдырды.Сонымен қатар, Қазақстан президенті өзінің Twitter-дегі парақшасында Абу-Даби қаласындағы шейх Заид мешітіне барғанын да жазды.
БАӘ-нің тарихи маңызы зор нысандарының бірі - Абу-Даби қаласында шейх Заид мешітіне барып, Әмірліктердің негізін қалаушы, Тұңғыш президент шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым еттім. Екіжақты байланыстарымызды нығайтуға мол үлес қосқан шейх Заидқа құрметіміз ерекше, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.