Іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтыс болған 53 адамның, оның ішінде 4 баланың денесі үйінді астынан шығарылған. Ел құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстарын ары қарай жалғастырып жатыр.
Газиантеп қаласына бірінші эшелонмен барған құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты, екінші және үшінші тобы алты қабатты ғимараттарда жұмыс істеп жатыр. Қазақстан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылары Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы екі ауысымда жүргізіп жатыр, - делінген хабарламада.
ҚР ТЖМ баспасөз хатшысы Руслан Иманқұловтың айтуынша, қазақстандық құтқарушылар Түркияда құтқару жұмыстары аяқталғанша болады.
Біздің құтқарушылар құтқару операциялары біткенше сол жақта болуы керек. Автономиялық түрде біздің тараптан берілген азық-түлік негізінен екі аптаға жетеді. Ары қарай құтқарушылар барған өңірінің кризистік орталығымен жұмыс істейді. Яғни қай учаскеде, қай уақытта, қанша уақыт жұмыс істеу керегі жөнінде оларға Түркия тарапынан нұсқау беріледі, - деді баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Қазақстаннан тағы құтқарушыларды жіберу әзірге қарастырылмаған.