Өңірде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Жайық өзеніндегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына апаратын автожол арқылы су жүруіне байланысты жергілікті тұрғындарды алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
121 адам,оның ішінде 41 бала жүзу құралдарының көмегімен ауылдан кетті. 26 ауыл тұрғыны Атырау қаласының эвакопункттеріне жеткізіліп, орналастырылды. 90-нан астам адам туыстарының үйлеріне барды. Талдыкөл ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу фактісі тіркелген жоқ. Айта кетейік, бүгін таңертең Атырау облысына ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов келді. Барлық жұмыстар оның жеке бақылауымен жүргізілді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен Махамбет ауданының Жалғансай ауылы айналасындағы үйінді қорғаныш білігінің жанында тасқын суды сору жұмыстарын жүргізуде. Атырау қаласын жағалай қосымша қапшықтар төселуде. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өңірге Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Шымкент қаласынан құтқарушылар топтары және ҚР ТЖМ 52 859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері келген болатын.
ТЖМ тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) ұсынымдарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз орындарға эвакуациялауды сұрайды.