Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демалыс күндері республика бойынша қар құрсауынан 64 адам құтқарылды және 37 бірлік техника эвакуацияланды.
23-24 қаңтар күндері Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда қар құрсауынан 64 адам (оның ішінде 8 бала) құтқарылды, 37 жеңіл және жүк автомашинасы шығарылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖ департаменттерінің, республикалық жедел-құтқару жасағының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Сонымен қатар Алматы облысында 2 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 3 адам құтқарылды. 23 қаңтар күні күндіз Алакөл ауданында, Қабанбай ауылынан 50 шақырым жерде ТЖД күші 1975 жылы туған адамды іздестіру жұмыстары жүргізілді, ол 22 қаңтарда «Капсалямова» шаруа қожалығына «Газ-53» автокөлігімен мал қарауға шығып, оралмаған. Кешкісін ТЖД іздеу тобы «Капсалямова» ШҚ аумағынан табылып, Қабанбай ауылына жеткізілді. Сондай-ақ 22 қаңтар күні кешке Ақсу ауданы Үлгілі ауылының маңында мал жайып жүріп, жоғалып кеткен 1959 жылы туған бақташыны іздеді. 23 қаңтар күні таңертең ТЖД іздеу тобы ауылдан 8 шақырым жерден бақташыны тауып, «Әділет» шаруа қожалығына жеткізді, - делінген хабарламада.
Жалпы, 2020-2021 жылдардағы қысқы кезеңнің басынан бері ел тұрғындарына «112» телефон нөмірі бойынша 2 040 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 678 хабарлама жіберілген. Елімізде 651 рет дауылды ескерту жарияланды. Еліміздегі республикалық маңызы бар автожолдар 28 рет жабылып, 34 рет шетеу қойылды.
Алайда, осы ескертулерге қарамастан, адамдар жолға шығып, қар құрсауында қалған жағдайлар болған.
Осылайша, қар құрсауынан 204 адам, оның ішінде 14 бала құтқарылды. 186 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Құтқарушылар қар құрсауынан 57 автокөлікті шығарды.