ТЖМ балалардың суға кетуінің негізгі себебін атады

31 Мамыр 2021, 16:55
2972
Бөлісу:
ТЖМ балалардың суға кетуінің негізгі себебін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов ОКҚ-да өткен брифингте балалардың суға кетуінің негізгі себебін атады.

Өкінішке қарай, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері 34 бала суға кетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 67%-ға өсіп отыр. 2020 жылы бұл кезіңде 21 бала кетсе, бұл жылы 34 бала суға кетіп отыр, - деді ол.

Ол балалардың суға кетуінің негізгі себебіне тоқталды.

Оның ең негізгі себебі – ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы. Бұл – ең бірінші себеп. Екіншісі, балалардың дайындалмаған немесе рұқсат берілмеген қауіп жоғары жерлерде шомылуы. Осы екі мәселеге жіті назар аудару қажет. Алдын алу шараларын жүргізген кезде ата-аналарға назар аударатын тағы бір мәселе – ол өрт, - деп атап өтті Бауыржан Сыздықов.

ТЖМ деректеріне сәйкес соңғы үш жылда (2019-2021 жж) 87 бала өрт салдарынан қайтыс болды, сондай-ақ газбен уланудан 33 бала қаза тапты.

Осы 3 жылдың статистикасына қарайтын болсақ, өкінішке қарай, балалардың отпен абайсыз болуынан әр жылда 300-ден астам өрт орын алып отыр. Осы орайда ата-аналар балаларына сіріңкенің ойыншық емес екенін түсіндірулері керек. Балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырып кетпеу қажет. Балалардың сіріңкемен, күкіртпен ойнағаны былай тұрсын, балаларды үйде қалдырып, есіктің сыртынан жауап кететін жағдайлар да болады. Егер өрт шығатын жағдай болса, онда балаға сыртқа шығуға ешқандай мүмкіндік қалмайды. Осыған да назар аудару қажет, - деп түсіндірді ТЖМ өкілі брифингте.

Соңғы 4 айдың ішінде 64 өрт, 2020 жылы 330, 2019 жылы 321 өрт орын алып отыр.

Өзгелердің жаңалығы