Су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық аясында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Ақмола облысында орналасқан елордалық агломерацияны инспекциялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапары барысында ол Аршалы және Целиноград аудандарында болып, негізгі гидротехникалық құрылыстарды аралап, ықтимал су тасқынына дайындық деңгейін бағалады.
Атап айтқанда Жібек Жолы ауылының 7 шағын ауданында Астана су қоймасына, су өткізу құрылыстарына, сондай-ақ қорғаныш жер білігінің құрылысын инспекциялады.
Жыл сайын бұл елді мекенді су басу қаупі туындайды, сондықтан қосымша қорғаныш шаралары қабылдануда.
Сонымен қатар вице-министр Тайтөбе ауылы мен Қосшы қаласындағы инженерлік жұмыстардың барысын тексерді, Целиноград ауданының бірқатар елді мекендеріндегі инженерлік құрылыстарды да қарады.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар барлық қызметтердің уақтылы және үйлесімді жұмысын талап етеді. Басты міндет – халық пен инфрақұрылым үшін тәуекелдерді барынша азайту. Барлық қажетті инженерлік құрылыстардың ықтимал су тасқынына, ал шұғыл қызметтердің – жедел ден қоюға дайын болуы маңызды. Біз жағдайды мониторингілеуді жалғастырамыз және жергілікті жерлерде іс-қимылды үйлестіреміз, - деп Кеген Тұрсынбаев атап өтті.
Ақмола облысы ТЖД бастығы Бақытжан Алашов алдағы су тасқыны қаупі бар кезеңге күштер мен құралдардың дайындығы туралы баяндады.
Өз кезегінде Целиноград, Аршалы аудандары мен Қосшы қаласының әкімдері су басудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.