Бұл туралы депутат Амангелді Толамисов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында букмекерлік кеңселер жарнамасының көбейіп кеткеніне және олар жұмысын үдетіп бара жатқаны туралы айтты.
Депутат бұл мәселе Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгенін айтты. «Ойын бизнесі туралы» заңда электронды казинолар мен интернет-казино қызметтеріне тыйым салынған. Ал «Жарнама туралы» заңда мұндай казинолар мен олардың қызметтеріне жарнама жасауға тыйым салынған. Бірақ, депутаттың айтуынша, қазір заңнамаға осындай жарнама үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізу маңызды.
Ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан ба, әлде тиісті дәрежедегі бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан ба оған іс жүзінде тыйым салу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, ставка қабылдау пунктері еркін жұмыс істейді. Жарнамалық серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап күн көріп отырғандықтан одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады, - деп атап өтті сенатор.
Сенатор айтқан деректер бойынша қазір елімізде ойын бизнесі саласында жұмыс істеуге лицензиясы бар 50 ұйым бар. Оның ішінде 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, 2500-ге жуық бәс тігу пункттері және 8 тотализатор жұмыс істейді.