Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Тыйым салынған заттар бар": Астана әуежайында Түркия азаматы қамалды

2 Маусым 2025, 19:49
1107
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Астанадағы әуежайда Түркия азаматы тыйым салынған заттардың бар екені туралы жалған хабар бергені үшін ұсталды. Бұл туралы Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, 47 жастағы ер адамды Астана – Пхукет бағыты бойынша халықаралық рейске тіркелу кезінде желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұстаған. Шетелдік азамат тіркелу аймағында тұрған кезде әуе компаниясының өкіліне өзінде тыйым салынған заттар бар екенін әзілдеп айтқан.

Астана қаласының әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 47 жастағы Түркия Республикасының азаматын анықтап, ұстады. Ол Астана – Пхукет рейсіне тіркелу кезінде әуе компаниясының өкіліне өзінде тыйым салынған заттар бар екенін әзілдеп айтқан. Ақпарат шұғыл түрде тексерілді – қауіп расталмады. Алайда оқиға тіркеу қызметінің жұмысында уақытша кідіріс туғызып, жолаушылар мен персонал арасында алаңдаушылыққа себеп болды, – деп түсіндірді Көлік полициясы департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот ер адамды 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.

Қауіпсіздікке қатысты кез келген әзіл немесе мәлімдеме аса байыппен қаралады. Шынайы қауіп болмаса да, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысына кедергі келтіреді және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеледі, – деп түйіндеді полиция полковнигі.

Айта кетейік, мұндай жағдайлар Қазақстан заңнамасын өрескел бұзу болып саналады. Шынайы қауіп болмаса да, мұндай мәлімдемелер тұрақсыздыққа себеп ретінде бағаланып, қылмыстық қудалауға дейінгі салдарға әкелуі мүмкін.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1 маусымда Алматы әуежайында Алматы-Шымкент бағытындағы FlyArystan 7107 рейсінің кешігуі жанжалмен аяқталды. Жолаушылардың бірі ұшудан бас тартып, деструктивті әрекет ете бастағаннан кейін ұшақтан кетуге мәжбүр болды. Екі сағатқа жуық кідірістің нәтижесінде барлық жолаушы сыртқа шығарылып, ұшақ қайта қауіпсіздік тексеруінен өтті.

Өзгелердің жаңалығы