"Тыңдамаған": ТЖМ балықшыны құтқарамын деп ажал құшқан жас құтқарушы туралы айтты

Құтқарушы небәрі 31 жаста болған.

 ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Кеше 2026, 13:46
Кеше 2026, 13:46
886
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Жетісудағы Алтынкөл көлінде балықшыны құтқарамын деп көз жұмған ТЖМ қызметкері Дамир Тарановтың өліміне қатысты тың дерек айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Төтенше жағдай вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Өкінішке қарай, біздің құтқарушымыз Жетісу облысы Жаркент жақтың азаматын құтқарамын деп өзі де қайтыс болды. Құтқаруға мұқтаж болған азаматты да аман алып қала алмадық. Оның үстіне, қазір көктем, мұз еріп жатыр. Суға шығу өте қауіпті екендігі ескертілгенімен, тыңдамай барған. Құтқарушы адамды аман алып қаламын деп қызметтік борышын өтеу кезінде өзі де суға кетті. Біз оны судан шығарғанша үлгермедік, - деді Кеген Тұрсынбаев.

Айтуынша, марқұмның отбасына көмек көрсетіледі.

Отбасына тиісті көмек көрсетіліп жатыр, - деп нақтылады ТЖМ вице-министрі.

Еске салайық, бүгін Жетісу облысында қайғылы жағдай тіркелді. Алтынкөл көлінде балықшыны құтқару операциясы кезінде мұз қайта жарылып, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Дамир Таранов қаза тапты. Құтқарушы небәрі 31 жаста болған.

Наверх