Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке әріптестеріне мәдениеттік танытуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті министр мырза, әріптесіміз Дүйсентиновтің сұрағына жауап берген кезде «депутатқа осылай айтуға болмайды» дедіңіз. Депутаттарға не айтуға болатынын, не айтуға болмайтынын өзіміз білеміз, жарай ма? Сізді ол жағынан мәдениетті болуға шақырамын. Бұл – бір. Екіншіден, сіз мұндай сынды тыңдағыңыз келмейтінін айттыңыз. Тыңдағыңыз келе ме, келмей ме, бірақ біз сізді тыңдатамыз. Бұл біздің еліміз алдындағы қызметіміз бен міндетіміз. Үшіншіден, интерактивті карта туралы айттыңыз, - дейді депутат Азат Перуашев Мәжілісте.
Интерактивті картаны көпшілік кемінде 3-5 жыл бойы талап етіп келеді.
Біздің наразылығымызға қайтадан уәде беріп отырсыз. Жақында болады, ертең болады, қашанға дейін бұл уәде болып қала береді? Қашан ол іске асады? – деп сұрады Перуашев министрден.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутатқа не себепті қарсы болғанын түсіндіріп өтті.
Мен 5,2 млн га жердің қайтарылғаны өтірік дегенге келіспедім. Келіспеу – менің құқығым. Интерактивті карта қазір бар. Оған кіріп еліміздің кез келген жерін бассаңыз, оны кім пайдаланып отырғанын көре аласыз. Қазір 5,2 млн га жер қайтарылған жер. Ол мемлекеттік резервке кірді. Қайдан қайтарылғанын көрсету бойынша жұмысты істеп жатырмыз, - деп жауап берді министр.
Перуашев министрге оны сынау ойлары жоғын айтып, Парламент мінберінен берілетін ақпараттық шындыққа сай болу керегін айтты.
Интерактивті карта істемейді. Өтірік болмаса, біз қай жердің кімдікі екенін біліп отырушы едік. Ондай ақпарат табу әлі күнге дейін мүмкін емес. Министр ретінде ақпарат беруіңізге құқығыңыз бар. Бірақ мен сіздің ақпаратыңызбен келісе алмаймын, - деп айтты ол.