Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады. Сондай-ақ ол соңғы күндері Қазақстанның барлық өңірлерінде эпидемиялық ахуалдың күрт нашарлағанын алға тартты.
Бұған бірден бір себеп - елімізде «Омикрон» штаммының таралуы. Бұл желтоқсан айында жасалған зерттеулердің қорытындысы бойынша дәлелденді. Жалпы, әлем бойынша ауру санының кезекті рет күрт артуына өздеріңіз де куә болып отырсыздар, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол барша қауымды өзіне және айналадағы жақындарына жанашыр болуға шақырды.
Біз коронавирус зардабынан екі жылда 18 326 адамнан айрылдық. Бейбіт күнде арамыздағы ардақтыларымызды жоғалттық. Қаталдау естілсе де айтайын - көп жағдайда осыған өзіміз. Тығылып қонаққа бару, мейрамхананың артқы есігінен кіріп той жасау, масқа тағуды қажет деп санамау, санитарлық талаптарды қабыл көрмеу сияқты әрекеттеріміздің кесірінен қаншама адам қайтыс болып кетті, - деді Ералы Тоғжанов.