Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан әлем чемпионы қостанайлық Аслан Мұқанов туысқанын өлтірді деп айыпталып, 2 айға қамауға алынды. Бұл туралы Almaty.tv жазды.
Аслан Мұқанов бала кезінен спортпен әуестенген. Бокспен айналысқалы, үлкен жетістіктерге жеткен. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқан Аслан Мұқанов Майамиге кетіп, кәсіби рингте 6 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Ол белгілі промоутер Нельсон Лопеспен бірге жұмыс істеген.
13 шілдеде тергеу тобы Қостанай аудандық сотында Мұқановты қамауға алуды сұрады.
«Мұқанов Пішенбаевты теріс өмір салты мен әпкесіне күн көрсетпегені үшін өлтіруді жоспарлаған. Ол алдын ала дайындаған пышақты алып, Алтын Дала ауылына жаяу барып, таңғы сағат 6-да әпкесінің есігін қағады. Аслан жездесі ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп, Пішенбаевтың мойнына пышақ салады. Ер адам оянып, қарсылық көрсетуге тырысқан. Сол кезде Мұқанов Пішенбаевтың кеудесі мен қолына тағы бірнеше рет пышақ сұғыпты», - деп сөзін бастаған тергеуші болған оқиғаны баяндады.
Былғары қолғап шеберіне ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 3-тармағы бойынша (Қарсылық көрсетуге дәрменсiз адамды қасақана өлтіру) айып тағылған. Аталған бап бойынша сотталушы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сотта Мұқанов кінәсін мойындап, тергеушімен толық келісті. Сот Асланды екі айға қамауға алуға шешім қабылдады.
Анасы Зәуре Төлебайқызы әлеуметтік желілердегі түрлі қауесеттерден шаршап, болған оқиғаның анық-қанығын айтып берді.
«Серік Пішенбаев қызымды алақанына салып, аялап ұстады, отбасымызға деген көңілі де ерекше еді. Күн көрсетпеді деген не сөз? Аслан екеуі ағайынды сияқты еді... Аслан Колумбияда жүргенде, ақша жіберіп көмектесті, бұл жайлы ешкімге тіс жарып айтпаған болатын», - дейді әйел көзіне жас алып.
Спортшының анасының сөзінше, Асланға біреулер ықпал жасаған.
«Соңғы кездері басқа әлемде жүргендей еді. Не ойлағанын білсем, үйге байлап қояр едім», - дейді Зәуре Төлебайқызы.
Боксшының анасы баласының Колумбияда тұрмысы төмендеп, әбден қиналғанын және 26 маусымда ғана үйіне қайтып оралғанын айтты.
Айта кетейік, 12 шілде күні қостанайлық боксшы Аслан Мұқанов туысын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны анықталды.